Конгрестің басты тақырыбы өзгеріп жатқан экономикаға арналған жаңа қаржы архитектурасы болды. Цифрландыру қаржы үдерістерін ғана емес, өмір салтын, тұтыну мәдениетін, тіпті активтердің табиғатын да өзгертуде. Жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа тәуекелдер де туындайды.
Сақтандыру – ғасырлар бойғы тарихы бар ең консервативті қаржы институттарының бірі. Алайда қарқынды өзгеріп жатқан әлемде дәл осы саланың рөлі арта түсуде. Бұл ретте Қазақстан қаржы секторының жекелеген сегменттерінде айтарлықтай жетістіктерге жеткенімен, сақтандыру саласының даму деңгейі бойынша әзірге дамыған елдерден ғана емес, экономикасы дамып келе жатқан көптеген елдерден де едәуір артта қалып отыр.
Қазіргі жағдай
1,22% – 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы сақтандыру сыйлықақыларының ЖІӨ-ге қатынасы осындай болды. Салыстыру үшін, реттеуші келтірген деректерге сәйкес, дамушы елдерде бұл көрсеткіш орта есеппен 2,7%-ды, ал дамыған елдерде 6,7%-ды құрайды. Бұл сандар жекелеген саланың артта қалуын ғана көрсетпейді. Олар Қазақстан азаматтары, бизнесі мен экономикасы тап болатын тәуекелдердің едәуір бөлігі жеткілікті сақтандыру қорғанысынсыз қалып отырғанын айғақтайды.
Жинақталған мәселелерді шешу және өсудің жаңа көздерін қалыптастыру үшін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) Ұлттық банкпен бірлесіп, Сақтандыру нарығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған бағдарламасын бекітті. Алғаш рет саланың дамуына нақты сандық бағдар белгіленді: 2030 жылға қарай сақтандыру сыйлықақыларының ЖІӨ-ге қатынасы 2%-ға жетуі тиіс.
Біздің бағалауымызша, 2026 жылдың қорытындысы бойынша сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 2,2 трлн теңгеге, яғни ЖІӨ-нің шамамен 1,3%-ына жетуі мүмкін. Экономика одан әрі өскен жағдайда мақсатты көрсеткішке қол жеткізу үшін сақтандыру нарығы бизнес көлемін кемінде екі есеге ұлғайтуы қажет. Бұл – өршіл, бірақ толықтай орындауға болатын міндет. Бұл ретте сақтандыру нарығының өсуі бірін-бірі толықтыратын екі бағыттан тұратынын түсіну маңызды: ел ішіндегі сақтандыру қорғанысын кеңейту және халықаралық қайта сақтандыруды дамыту.
Дамыған сақтандыру орталықтарында халықаралық бизнес маңызды рөл атқарады. Қазақстан үшін бұл сақтандыру саласының өсуі ішкі сұраныс есебінен ғана емес, сақтандыру және қайта сақтандыру қызметтерінің экспорты арқылы да қамтамасыз етілуі мүмкін екенін білдіреді.
Қайта сақтандыру кілті
Қайта сақтандыру – табиғатынан халықаралық бизнес. Біздің міндетіміз – шетелдік серіктестермен өзара іс-қимылды шектеу емес, оны толыққанды екіжақты үдеріске айналдыру. Қазақстан шетелден қайта сақтандыру қорғанысын сатып алып қана қоймай, халықаралық нарықта осындай қызметтерді өзі де ұсынуы тиіс. Ол үшін үш шарт қажет.
Біріншісі – қазақстандық сақтандырушылардың қаржылық тұрақтылығы мен халықаралық бәсекеге қабілеттілігін нығайту.
Бүгінде халықаралық кіріс қайта сақтандыру нарығында отандық компаниялардың санаулысы ғана белсенді жұмыс істейді. «Еуразия» сақтандыру компаниясы осы сегментте жетекші орын алады.
Қыркүйекте халықаралық AM Best және S&P рейтингтік агенттіктері «Еуразия» сақтандыру компаниясының рейтингтерін тиісінше A− және BBB+ деңгейіне дейін көтерді. Бұл компанияның қаржылық тұрақтылығын мойындау ғана емес, Қазақстан ішінде де, одан тыс жерлерде де ірі тәуекелдерді сақтандыруға қабылдау үшін жаңа мүмкіндіктердің ашылуы.
Биыл біз Үндістандағы GIFT City-де филиал ашып, үндістандық компаниялардан алғашқы қайта сақтандыру сыйлықақыларын алып үлгердік. Біз бұл филиалды болашақта Үнді субконтинентінің Непал, Бутан және Шри-Ланка нарықтарына шығуға арналған өңірлік хаб ретінде қарастырамыз. Рейтингтердің жоғарылауы Еуропадағы қатысу ауқымын кеңейтуге, сондай-ақ бұрын жұмыс істеген Қытай, Сингапур және Оңтүстік Корея нарықтарына қайта оралуға да алғышарттар жасайды.
«Еуразия» сақтандыру компаниясының мысалында біз Қазақстанның шикізат пен өнеркәсіп өнімдерін экспорттап қана қоймай, қаржы қызметтерінің жаһандық нарығында да табысты бәсекелесе алатынын көрсетіп отырмыз.
Халықаралық қайта сақтандыру – қаржы қызметтері мен сарапшылық тәжірибенің экспорты, валюталық түсімдерді тарту және ұлттық экономиканы әртараптандыруға қосылатын нақты үлес.
Екіншісі – ел ішіндегі сақтандыру сыйымдылығын тиімдірек пайдалану.
Бүгінде сақтандыру сыйлықақыларының едәуір көлемі жыл сайын шетелдік қайта сақтандырушыларға беріледі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бейрезиденттерге берілген сыйлықақылар көлемі шамамен 159 млрд теңгені құрады.
Бұл үдерістің өзі табиғи әрі қажет. Халықаралық қайта сақтандыру ірі тәуекелдерді бөлуге және сақтандырушылардың капиталын апатты шығындардан қорғауға мүмкіндік береді. Алайда тәуекелдерді шетелге беру ұлттық нарықтың мүмкіндіктері жеткілікті пайдаланылмағандықтан автоматты түрде жүзеге аспай, экономикалық тұрғыдан негізделуі маңызды.
Біз капиталдың жеткіліктілігіне, актуарлық есептеулерге және тәуекелдерді кәсіби басқаруға сүйене отырып, сапалы тәуекелдер мен сақтандыру сыйлықақыларының орынды үлесін ел ішінде сақтап қалуға ұмтылуымыз керек. Бұл ретте халықаралық қайта сақтандыру ірі және апатты шығындардан қорғаудың негізгі құралы болып қалуы тиіс.
Үшіншісі – отандық сақтандыру нарығын дамыту.
Қазақстандық сақтандырушылардың халықаралық деңгейдегі табысы қуатты ұлттық сақтандыру жүйесінсіз мүмкін емес. Саланы дамыту бағдарламасы мен әзірленіп жатқан сақтандыру нарығы туралы жаңа заң осындай өсімге қажетті жағдайлар жасауы тиіс.
Маңызды өзгерістердің қатарында міндетті және міндеттелген сақтандыру түрлерін бірыңғай жүйеге біріктіру, тарифтерді қалыптастыру тетіктерін жетілдіру және тәуекелдердің нақты құнын ескере отырып, икемдірек реттеуге көшу бар. Мүлікті ерікті сақтандыруды, жинақтаушы сақтандыру өнімдерін, зейнетақы аннуитеттерін және өмірді сақтандыруды дамыту да аса маңызды.
Ішкі нарықты нығайту мен халықаралық қайта сақтандыру ауқымын кеңейту қатар жүруі тиіс. Ішкі нарық капитал мен сарапшылық тәжірибені қалыптастырса, халықаралық бизнес қызмет ауқымын кеңейтуге, портфельдерді әртараптандыруға және елге жаңа қаржы ағындарын тартуға мүмкіндік береді.
Табиғат апаттарынан қорғау
Сақтандырудың басты міндеті – күтпеген жағдайлардан қаржылық қорғауды қамтамасыз ету. Аумағының едәуір бөлігі табиғи қауіп-қатерлерге бейім Қазақстан үшін бұл міндеттің маңызы ерекше.
Жер сілкінісі, су тасқыны және басқа да табиғи апаттар орасан зор экономикалық залал келтіруі мүмкін. Алайда тұрғын үй қорының небәрі 3,2%-ға жуығы ғана табиғи апаттардан сақтандырылған. Басқаша айтқанда, ірі апат болған жағдайда тұрғын үй иелерінің басым көпшілігі ең алдымен өз қаражаты мен мемлекеттің көмегіне сүйенуге мәжбүр болады. Апаттық тәуекелдерден сақтандырудың ұлттық жүйесін құру қажеттілігі әлдеқашан пісіп-жетілді.
Халықта «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген сөз бар. Көптеген елдерде апаттық тәуекелдерден сақтандыру тетіктері ауыр табиғи апаттардан кейін дами бастады – бұған Жапония немесе Түркия тәжірибесін мысалға келтіруге болады. Ал Қазақстанның халықаралық тәжірибені пайдаланып, ауқымды апатты күтпей-ақ алдын ала әрекет етуге әзірге мүмкіндігі бар. Реттеуші ұлттық қор құруды көздейтін тұрғын үйді міндетті сақтандыру моделін ұсынды.
Алматылық ретінде мен бұл тәсілді қолдаймын. Бастапқы кезеңде орталықтандырылған модель жүйенің негізін қалауға, халықтың базалық сақтандыру қорғанысына қолжетімділігін қамтамасыз етуге, резервтер жинақтауға және сақтандырумен қамту аясын біртіндеп кеңейтуге мүмкіндік береді. Бағдарламада дайындық кезеңінен кейін міндетті сақтандыруды кезең-кезеңімен енгізу көзделген. Алайда қор құру – түпкі мақсат емес, ұлттық жүйені дамытудың алғашқы кезеңі ғана.
Жүйе қалыптасқан сайын қор әдістемелік қамтамасыз етуге, үйлестіруге, резервтерді басқаруға және қайта сақтандыру қорғанысын ұйымдастыруға біртіндеп басымдық беріп, операциялық функциялардың көбірек бөлігін сақтандыру компанияларына тапсыра алар еді. Сақтандырушылардың филиалдық желілері, сату инфрақұрылымы, тәуекелдерді бағалау және залалдарды реттеу жөніндегі мамандары қазірдің өзінде бар. Нарықтың қолда бар мүмкіндіктерін пайдалану инфрақұрылымды қайталап құрудан аулақ болуға және бүкіл жүйенің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл ретте базалық міндетті сақтандыру қорғанысы халықтың қалың тобына қолжетімді болуы тиіс, ал сақтандыру компаниялары жылжымайтын мүліктің толық құнын қамтитын ерікті сақтандыруды дамыта алады.
Болашақта Қазақстанға ғылыми, инженерлік және актуарлық зерттеулерге негізделген апаттық тәуекелдердің бірыңғай ұлттық картасы қажет. Ол әлеуетті залалдардың туындау ықтималдығы мен ауқымын объективті бағалауға, экономикалық тұрғыдан негізделген тарифтер белгілеуге және тиімді қайта сақтандыру қорғанысын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жүйе дамыған сайын ұлттық сақтандыру нарығының мүмкіндіктерін белсендірек пайдаланып, халықаралық қайта сақтандыруды ауқымды апаттардан қорғану құралы ретінде сақтау қажет.
Біздің міндетіміз – жай ғана жаңа міндетті сақтандыру өнімін енгізу емес, апаттық тәуекелдерді басқарудың орнықты ұлттық жүйесін қалыптастыру.
Күрделі, бірақ мүмкін
Мен сақтандыру нарығын дамытуға қатысты реттеушінің кешенді тәсілін толық қолдаймын. Заңнаманы жаңартып қана қоймай, сақтандырумен қамту аясын нақты кеңейтуге, азаматтар мен бизнестің қаржылық қорғанысын күшейтуге және ұлттық экономиканың тұрақтылығын нығайтуға қол жеткізу маңызды. Ол үшін екі бағытты қатар дамыту қажет: қуатты ішкі сақтандыру нарығын және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті қайта сақтандыру бизнесін.
«Еуразия» сақтандыру компаниясы халықаралық қайта сақтандыру ағындарының Қазақстанға келуіндегі негізгі арналардың біріне айналуға дайын. Халықаралық рейтингтерге, капиталға, сарапшылық тәжірибе мен іскерлік байланыстарға сүйене отырып, біз жаһандық тәуекелдер портфельдерін тарта аламыз және экономикалық тұрғыдан орынды болған жағдайда оларды қайта сақтандыруға басқа қазақстандық сақтандырушылардың да сыйымдылығын пайдалана аламыз.
Бұл сақтандыру бизнесінің көлемін ұлғайтуға, ұлттық қайта сақтандыру саласындағы сарапшылық тәжірибені дамытуға, мамандардың біліктілігін арттыруға және Қазақстанның халықаралық қаржы нарығындағы рөлін нығайтуға ықпал етеді.
Сонымен қатар еліміз үшін апаттық тәуекелдерден қорғаудың сенімді жүйесі ауадай қажет. Бізде де, ұрпағымызда да қарапайым, бірақ маңызды бір сұраққа жауап болуы тиіс: «Ал егер...?» Қатты жер сілкінісі, ауқымды су тасқыны немесе басқа да апат орын алса ше?
Жауап мемлекеттің көмек көрсетуге дайындығымен ғана шектелмей, азаматтар мен экономиканы қаржылық тұрғыдан қорғауға қабілетті, алдын ала құрылған сақтандыру және қайта сақтандыру тетіктерінің болуын да қамтуы тиіс.
Қазақстан 2030 жылға қарай сақтандырудың экономикаға ену деңгейін ЖІӨ-нің 2%-ына дейін арттыруды мақсат етіп қойды. Бұл – өршіл міндет. Алайда реформаларды дәйекті жүзеге асырып, ішкі нарықты дамытып, қазақстандық сақтандырушылар жаңа халықаралық нарықтарға шыққан жағдайда бұл мақсатқа қол жеткізу әбден мүмкін. Сақтандыру Қазақстан экономикасын қорғау тетігі ғана емес, оның өсуінің дербес көзіне де айналуы тиіс.
Автор:
Кайрат Чегебаев
CFA, «Евразия» сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы
Forbes.kz - 20.11.2026 - Страхование будущего: от национальной защиты к экспорту финансовых услуг
Произошел страховой случай и Вы столкнулись с проблемой. Не беспокойтесь, если у Вас страховой полис АО «СК «Евразия». Мы сочувствуем Вам и готовы оказать помощь и поддержку. В связи с введенным карантином в городах Алматы и Нур-Султан, по всем вопросам онлайн консультации и обратной связи по страховым случаям и страховым выплатам Вы можете обратиться по электронному адресу ServiceCenter@theeurasia.kz, написав обращение, обстоятельства произошедшего события, ваш вопрос и отправив свои контактные данные (ФИО, телефон и email), и наш компетентный специалист свяжется с Вами.