Жаңалықтар

Сақтандыру – экономиканың тірегі: секторды дамыту бағдарламасы нені өзгертеді

31.08.2026

ҚНРДА 2030 жылға дейінгі бүкіл сақтандыру секторын дамыту стратегиясын таныстырды.

24 тамыз, дүйсенбі күні Алматы қаласында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) ұйымдастырған дөңгелек үстел өтті, онда бүкіл сақтандыру секторының одан әрі дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын стратегиялық құжат ұсынылды.

Дөңгелек үстелде жалпы сақтандыру секторының атынан сөз сөйлеген «Евразия» СК басқарма төрағасы Қайрат Чегебаев Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығына берген арнайы сұхбатында реттеуші ұсынған бағдарламаның бүкіл салаға ғана емес, іс жүзінде әрбір қазақстандықтың өміріне қалай әсер ететіні туралы айтып берді.

Қазақстандағы сақтандыру заңнамасы тарихи тұрғыдан кезең-кезеңімен қалыптасты: жаңа заңдар нақты экономикалық және әлеуметтік қажеттіліктердің туындауына қарай қабылданып отырды. Сонау 2000 жылы қабылданған «Сақтандыру қызметі туралы» заң бүгінде көптеген түзетулер, өзгерістер мен толықтырулар енгізілген корпеге ұқсайды. Бұл қалыпты жағдай, себебі бүкіл әлемде сақтандыру ісі бір орында тұрмайды, ал жаңа енгізілімдер заңнамалық тұрғыдан сүйемелдеуді талап етеді.

Осы уақытқа дейін сала жекелеген шешімдерді бірыңғай ортақ пайыммен біріктіру қажет болатын деңгейге жетті. Алғаш рет міндетті және ерікті сақтандыруды, қайта сақтандыруды, апаттық тәуекелдерден қорғауды, цифрлық инфрақұрылымды, актуарлық базаны, кадрлық әлеуетті және тәуекелге бағдарланған қадағалауды өзара байланысты бірыңғай жүйе ретінде дамыту қарастырылып отыр. ҚНРДА-ның бұл ауқымды бастамасы Қазақстанның сақтандыру нарығын сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге шығаруға, оны ұзақ мерзімді капиталдың ірі көзіне айналдыруға, сондай-ақ мемлекет пен азаматтардың қаржылық тәуекелдерін толық көлемде қорғауға бағытталған.

Бағдарламада қамтылған реттеушінің бастамалары ауқымды болғаны соншалық, олар туралы бір ғана материалда, тіпті жалпы шолып шығудың өзі оңай емес. Жалпы алғанда, бағдарлама 18 бағытты қамтиды, алайда олардың кейбіріне толығырақ тоқтап өткім келеді.

Сала өсіп келеді

Сектордың активтері 4,4 трлн теңгеге, міндеттемелері – 3,3 трлн теңгеге, ал меншікті капиталы – 1,1 трлн теңгеге жетті. Басқаша айтқанда, сала бүгінде айтарлықтай капиталдық базаға ие. Активтер құрылымында 71,6%-ы бағалы қағаздарға, тағы 9,1%-ы ақша қаражаты мен депозиттерге тиесілі. Бұл сақтандыру компанияларының БЖЗҚ және банктермен қатар ірі жеке институционалдық инвесторлар ретіндегі рөлін растайды.

Міндетті сақтандыру бойынша сыйлықақылар 13,8%-ға өсті, оның ішінде ЖОМС бойынша – 13,7%-ға, ал КҚИ АҚЖМС бойынша – 16%-ға артты. Дәл осы сақтандыру кластары күн сайын миллиондаған азаматтың сақтандыруға деген көзқарасын қалыптастырады. Егер сақтандыру өнімі түсінікті, тариф әділ, ал төлем уақытылы жүргізілсе, бүкіл нарыққа деген сенім арта түседі. Ал олай болмаған жағдайда, ешқандай жарнамалық науқан клиенттің жағымсыз тәжірибесін өзгерте алмайды. Алайда стратегияда атап өтілгендей, біз дәл осы сегменттерде тариф белгілеуге қатысты қиындықтарды көреміз.

Сонымен қатар жыл басынан бері сақтандыру шарттарының саны 32%-ға қысқарды, бұл ең алдымен банктік қарыздарға байланысты сақтандыру шарттарының санының азаюына байланысты болды. Дамудың келесі кезеңі сақтандырудың сапалы ену кезеңі болуға тиіс.

Жолдардағы қауіпсіздік экожүйесі

Міндетті автосақтандыру, немесе КҚИ АҚЖМС – жалпы сақтандыру саласындағы жалпы көпшілік және әлеуметтік маңызы аса жоғары өнім. Бұл жүйе Қазақстанда сонау 1997 жылы қалыптаса бастады, ал қолданыстағы «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» заң 2003 жылғы 1 шілдеде қабылданды. Осылайша, 30 жылға жуық уақыт ішінде КҚИ АҚЖМС азаматтарды қорғау жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда өткен жылдар ішінде автомобильдердің, қосалқы бөлшектердің және жөндеу жұмыстарының құны айтарлықтай өсті, залалды бағалау технологиялары мен жолдардағы тәуекелдердің құрылымы өзгерді. Сондықтан реформа полис бағасына қатысты жекелеген мәселені ғана шешумен шектелмей, бүкіл тізбекті қамтуға тиіс: тәуекел – тариф – ЖКО – бағалау – жөндеу – төлем – алдын алу.

Икемді заңнамалық базаны қалыптастыру аса маңызды. Ол тарифтер мен түзету коэффициенттерін, сақтандыру лимиттерін және залалды бағалау әдістемесін уақытылы өзектендіруге мүмкіндік беруге тиіс. Қазіргі уақытта барлық негізгі параметрлер тікелей заңда бекітілген, сондықтан оларды қайта қарау экономикадағы өзгерістерден қалып келеді. Техникалық және есептік параметрлерді НҚА деңгейіне шығару инфляцияны, жөндеу жұмыстарының құнын, сондай-ақ ЖКО-ның жиілігі мен ауырлық деңгейінің өзгеруін жеделірек ескеруге мүмкіндік береді. Бұл ретте негізгі әлеуметтік кепілдіктер – қорғалатын тұлғалар тобы, сақтандыру өтемі лимиттері, зардап шеккендердің құқықтары және төлем жасаудың негізгі қағидаттары – бұрынғыдай заңда бекітілген күйде қалуы тиіс.

Сонымен қатар, нарыққа тұрақты түрде жаңартылып, географиялық ерекшеліктерді, автомобильдің шығарылған жылын, қосалқы бөлшектердің нақты қолжетімділігін және сапалы жөндеу жұмыстарының құнын ескеруі тиіс қосалқы бөлшектер мен жөндеу жұмыстарының құнын айқындайтын бірыңғай анықтамалық қажет. Оның міндеті – залалды бірізді, ашық және әділ есептеуді қамтамасыз ету, бағалаушылар мен автосервис қызметкерлері тарапынан теріс пайдалану мүмкіндігіне жол бермеу.

Автосақтандыру тек ЖКО салдарын өтеумен шектелмей, олардың санын азайтуға, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруға және жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыруға ықпал етуі тиіс.

Апаттардан қорғау: алдын ала әрекет ету

Апаттық сақтандыру – нарықты дамытудың негізгі басым бағыттарының бірі. Бүгінде тұрғын үйді табиғи апаттардан ерікті сақтандыру тұрғын үй қорының шамамен 3,2%-ын ғана қамтиды. Бұл ретте, халықаралық бағалаулар бойынша, Қазақстан аумағының 70%-ы табиғи апаттардың жоғары тәуекеліне ұшырайды. Бұл экономикалық тәуекелдің ауқымы мен қолданыстағы сақтандыру қорғанысы арасындағы орасан зор алшақтықты көрсетеді.

Біздің тарихымызда сонау өткен замандағы Алматыдағы жойқын жер сілкіністері әлі де есте, ал 2024 жылғы ауқымды су тасқындарының салдарын жою жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Ең бастысы – сақтандыру арқылы қорғау халық үшін жаппай әрі барынша қолжетімді болуы тиіс. Біз бүгіннен бастап болашақ ұрпақты апаттық тәуекелдерден ұзақ мерзімді сақтандырумен қамтамасыз ететін модельді қалыптастыруға кірісуіміз қажет.

Реттеуші ұсынған тәсіл апаттық тәуекелдерден тұрғын үйді міндетті сақтандыруды кезең-кезеңімен дамытуды көздейді. Бастапқы кезеңде мемлекет бірыңғай қағидаларды белгілейді, базалық өтеудің әлеуметтік қолжетімділігін қамтамасыз етеді, қажетті инфрақұрылымды қалыптастырады және резервтерді жинақтауды бастайды.

Бұдан әрі қолданыстағы сақтандыру компанияларының мүмкіндіктерін пайдалануға басымдық беру қажет. Дәл осы компанияларда лицензиялар, капитал, өңірлік желі, цифрлық жүйелер, залалды бағалау және реттеу жөніндегі мамандар, сондай-ақ халықаралық қайта сақтандыру нарығына қолжетімділік бар.

Апаттық тәуекелдерден сақтандыруды дамыту тұрғын үй қоры туралы деректерді шоғырландыруға, ішінара жоғалған мәліметтерді қалпына келтіруге және объектілерді толық түгендеуді жүргізуге мүмкіндік береді. Осы негізде апаттық тәуекелдердің ұлттық картасын қалыптастыруға, сондай-ақ ғылыми, инженерлік және актуарлық зерттеулердің жаңа бағытын дамытуға болады. Жиналған мәліметтер тәуекелдерді бағалаудың ұлттық әдістемесін әзірлеуге, тұрғын үйді қалпына келтіру құнын және сақтандыру тарифтерін есептеуге негіз болады, ал болашақта табиғи апаттардың алдын алу және олардың салдарын басқару жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Біз апаттық тәуекелдерді қайта сақтандыру жөніндегі халықаралық бағдарламаларға қатысу барысында жинақтаған көпжылдық тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Мұндай жүйелердің ішкі құрылымын жақсы білеміз - тәуекелдердің жинақталуын бағалау мен қайта сақтандыру арқылы қорғауды қалыптастырудан бастап, ауқымды апаттан кейін залалды өтеуге дейінгі барлық үдерістер бізге таныс. 2023 жылы Түркиядағы жер сілкінісіне байланысты «Евразия» СК-ның үлесіне тиесілі сақтандыру төлемдері шамамен 38 млн АҚШ долларын құрады.

Қайта сақтандыру өсу көзі ретінде

Қазақстанға қайта сақтандыру саласында да толыққанды ел саясаты қажет. Бізде тек тікелей сақтандыруды ғана емес, сонымен қатар халықаралық кіріс қайта сақтандыруды дамыту үшін де елеулі әлеует бар. 2024 және 2025 жылдардағы көрсеткіштерді салыстырғанда, компанияның жалпы сақтандыру сыйлықақылары шамамен 20%-ға, яғни 565 млрд теңгеден 685 млрд теңгеге дейін өскенін көруге болады, ал бейрезиденттерден түсетін кіріс қайта сақтандыру сыйлықақыларының көлемі шамамен 40%-ға артқан. Бұл қайта сақтандырудың қаржы нарығының дербес экспорттық бағытына біртіндеп айналып келе жатқанын көрсетеді.

Бизнес көлемінің ұлғаюымен қатар ұлттық сараптама да өсуде. Қазақстандық мамандар қазірдің өзінде әлемнің түрлі өңірлеріндегі ірі өнеркәсіптік, энергетикалық, авиациялық, теңіз және апаттық тәуекелдермен жұмыс істеуде. Олар халықаралық андеррайтинг, ірі залалдарды модельдеу, қайта сақтандыру бағдарламаларын әзірлеу және трансшекаралық залалдарды реттеу салаларында тәжірибе жинақтауда. Бұл құзыреттілік ел үшін стратегиялық маңызға ие және болашақта ұлттық объектілерді қорғау әрі тәуекелдерді бағалаудың өзіндік әдістемелерін дамыту үшін пайдаланылуы мүмкін. Келешекте Қазақстан бүкіл Орталық Азия өңірінің қайта сақтандыру хабына айналуға қабілетті.

Мақсат - сандар емес, нақты қорғау

Өмірді сақтандыру бағытын, атап айтқанда, зейнетақы аннуитеті өнімін unit-linked құралдарымен көзделген кеңейтуді атап өтпеуге болмайды. Сақтанушының тәуекелге деген көзқарасын ескере отырып, оның зейнетақы жинақтарының бір бөлігін өзі таңдаған инвестициялық стратегияға инвестициялауға мүмкіндік беретін сақтандыру өнімін енгізу ұсынылып отыр.

2030 жылға дейінгі даму бағдарламасы алғаш рет жалпы сақтандыру және өмірді сақтандыру бағыттарын, ерікті және міндетті сақтандыру кластарын, сондай-ақ ілеспе инфрақұрылымның бүкіл жүйесін – СТКБҚ-дан және БСДҚ-дан бастап брокерлер мен агенттерге дейін біріктіреді. Бұл жекелеген реформалардан саланы дамытудың ұзақ мерзімді моделіне көшу жолындағы маңызды қадам.

Бағдарламаның табысты болуы азаматтардың сенімімен және нақты сақтандыру арқылы қорғауды кеңейтумен өлшенетін болады. Таңдалған жүйелік тәсілді сақтаған және мемлекет пен сақтандыру қоғамдастығының күш-жігерін біріктірген кезде 2030 жылға қарай Қазақстан қазіргі заманғы, орнықты және бәсекеге қабілетті халықаралық деңгейдегі сақтандыру нарығын - ел азаматтары, бизнесі мен экономикасы үшін сенімді тірек қалыптастыратынына күмән жоқ.


kapital.kz - 31.08.2026 - Страхование – опора экономики: что изменит программа развития сектора - новости Kapital.kz



Æ
Страховой случай?

Произошел страховой случай и Вы столкнулись с проблемой. Не беспокойтесь, если у Вас страховой полис АО «СК «Евразия». Мы сочувствуем Вам и готовы оказать помощь и поддержку. В связи с введенным карантином в городах Алматы и Нур-Султан, по всем вопросам онлайн консультации и обратной связи по страховым случаям и страховым выплатам Вы можете обратиться по электронному адресу ServiceCenter@theeurasia.kz, написав обращение, обстоятельства произошедшего события, ваш вопрос и отправив свои контактные данные (ФИО, телефон и email), и наш компетентный специалист свяжется с Вами.

Для этого необходимо:
Î
Заказать звонок
Ваша заявка успешно отправлена!